13-15 маусым аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде БҰҰ-ның мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенциясына қатысушы мемлекеттер конференциясының 16-шы сессиясы өтті.
Конференцияға 131 елдің, оның ішінде Қазақстанның өкілдері қатысты. Қазақстандық делегация құрамында Парламент депутаттары мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері болды. Олар еліміздегі мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету, олардың қоғамға әлеуметтік кіріктіру бағытындағы іске асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың қорытындылары туралы мәлім етті.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова баяндамасында Қазақстан халықаралық міндеттемелердің басымдығы қағидатын, БҰҰ мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенциясын орындауды ұстанатынын атап өтті. Конвенцияны ратификациялай отырып, ұлттық заңнамаға тұжырымдамалық түзетулер енгізілді, практикалық шаралар қабылданды.
Мемлекет басшысы инклюзивті қоғам құру, қолжетімді ортаны қалыптастыру міндетін қойды. Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспардың екінші кезеңі іске асырылуда.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесінде тұжырымдамалық жаңа тәсілдерді енгізуді көздейтін Әлеуметтік кодекс қолданысқа енгізіледі.
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тәуелсіз құралы болып табылатын Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі омбудсмен институты енгізілді. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуді бақылауды мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар жүзеге асырады», – деді Назгүл Сағындықова.
Ол сондай-ақ Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтар үшін Парламенттің депутаттық мандаттарын бөлу кезінде квоталар енгізілгенін айтты.